Ақсуда МАЭС аумағында күдікті топ ұсталды
Кәсіпорынға келтірілген залал 4 млн теңгеден асты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ҰҚКБ қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Павлодар облысының төрт тұрғынынан тұратын топты анықтады.
– Олар «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ Ақсу МАЭС аумағынан тауарлық-материалдық құндылықтарды ұрлады деген күдікке ілінді. Кәсіпорынға келтірілген залал 4 миллион теңгеден асты. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 188-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті ҰҚКБ бастығы Мақсат Сапарғалиев.
Еске салайық, ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, адам өзінің қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кiнәлiлiгi осы Кодексте көзделген тәртiппен дәлелденгенге және соттың заңды күшiне енген үкiмiмен белгiленгенге дейiн кiнәсiз болып саналады.