Павлодарда ата-анасына ренжіген сегіз жасар қыз үйінен кетіп қалды
Тәртіп сақшылары оны Павлодар – Успен автожолын патрульдеу кезінде байқаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ол ата-анасы үй тапсырмасын тексеру кезінде тапсырманы дұрыс орындамағаны үшін ескерту жасағанын айтқан. Осылайша ата-анасына ренжіген бала үйден кетіп, Павлодар қаласына қарай бет алған. Ата-анасы қызының үйде жоқ екендігін тек полиция қызметкерлерінен білген.
– Аталған факті бойынша ата-аналарымен осындай жағдайларды болдырмау туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді. Заңды өкілдерге қатысты кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жіберу үшін материал жиналды, – деді Павлодар облысы полиция департаменті патрульдік полиция ротасы қызметінің инспекторы Болат Жұмашев.
Айта кетейік, сондай-ақ қыздың ата-анасын ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы мәселе қаралмақ.