Павлодар облысында жұмыссыз ретінде тіркелгендердің жартысы еңбек етуде
Өңірде нақты жұмыссыз жүрген 4 мыңға жуық адам бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы баспасөз жиынында Павлодар облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова мәлім етті.
Статистика органдарының мәліметі бойынша облыста 2023 жылдың 1-тоқсанында жұмыссыздар саны 19315 адамды құраған. Алайда, оның ішінде ресми жұмысқа тіркелмегендер де бар.
- Ал, нақты жұмыссыз ретінде еңбек нарығында тіркелген жұмыссыздар саны өткен жылмен салыстырғанда 37 пайызға өсіп, 8745 адамды құрап отыр. Алайда, оның ішінде 4 мыңнан астамы қоғамдық жұмыс және басқа жұмыстармен қамтылған. Бірақ олар келесі жылдың басына дейін жұмыссыз ретінде саналады. Нәтижесінде іс жүзінде облысымызда нақты жұмыссыз отырған 4 мыңға жуық адам бар. Қазір сол адамдарды жұмыспен қамту үшін шаралар қолданылуда, - деді Альмира Дисюпова.
Жұмыссыздар санының өсудің себептері «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесін іске қосу кезінде жұмысқа мұқтаж адамдарды анықтауға байланысты. Сондай-ақ осы карта аясында NEET жастар санатында 9 мың адам анықталды. Дегенмен оның басым көпшілігі - бала күтіміне байланысты үйде отырған жастар.
- Жалпы, биыл облыста халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыру үшін өңірлік жұмыспен қамту картасы бекітілді. Оның шеңберінде 25,2 мың азаматты жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Бүгінде 10,8 мың адам жұмысқа орналастырылды, - деді Альмира Дисюпова.
Өңірде халықты жұмыспен қамту үшін «Өз ісін ашу үшін жағдай жасау» бағыты бойынша адамдарды «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде 2276 адам кәсіпкерлікке оқытылды. Оған қоса, халықтың әлеуметтік осал топтарына 400 АЕК-ке дейін 463 адамға гранттар беру жоспарланған. Қазіргі уақытта 129 адам грант алды.
Сондай-ақ биыл 785 млн теңгеге 157 жас адамға 2,5%-дық шағын несие беру қарастырылған. Қазір 251 млн теңгеге 59 адамға несие мақұлданды. Олардың басым бөлігі мал шаруашылығына қатысты несие алуда.
Сонымен қатар, облыста «Жастар тәжірибесі», «Ұрпақтар сабақтастығы» жобалары бойынша жұмыспен қамту жүргізілуде.
Фото: ашық дереккөздерден