Павлодарлық тілшілер ерекше балаларға шаттық сыйлады
Шара 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Ертіс Медиа» ЖШС қызметкерлері «Жақсылық жаса» қайырымдылық акциясы аясында №1 арнайы кешен балабақша – мектеп-интернатының тәрбиеленушілері үшін қызықты да, көңіл көтеретін мереке өткізді. Балаларға аниматорлар, облыстық полиция департаментінің арнайы жедел әрекет ету отряды ұмытылмас қуанышты эмоцияларға бөледі. Бүлдіршіндер көңілді клоунды қуана қарсы алды. Медиа холдингтің бүкіл ұжымы бірлесіп, нашар еститін, көзі нашар көретін ерекше балалар үшін дамытатын түрлі ойыншықтар, танымдық ой өрісті байытуға арналған кітаптар, сонымен қатар спорт құралдарын сатып алды.
– Халықаралық балаларды қорғау күні жақындап келеді. Біздің өңірде түрлі іс-шаралар осы уақыттан бастап қолға алына бастады. Ақпараттық майданда қызмет көрсетіп жүрген «Ертіс Медиа» холдингі жыл сайын қалыс қалмайды. Биыл да дәстүр бойынша қайырымдылық шарасын жалғастырып отыр. Қазақта «Бар жақсылық – балаларға» деген сөз бар. Холдингінің тұтас ұжымы, әріптестеріміз мүмкіндігінше бірігіп, қайырымдылыққа өздерінің қаржы пұлдарын салды,– деді Halyq Radiosy-ның бас редакторы Асыл Әбішев.
Облыстық радионың редакторы және жүргізушісі Гүлайым Тасова бүлдіршіндерге сыйлықтарды табыстап, оларға жылы сөздер тіледі. Айта кетейік, №1 арнайы кешен балабақша – мектеп-интернатында жүзден астам бала тәрбиеленуде.
– Холдингтің барлық шығармашылық ұжымына үлкен алғыс айтамыз. Балалардың көздерінен шаттық көрінді, – деп алғысын білдірді орталық директорының тәрбие жөнінен орынбасары Самал Хасанова.
Шара барысында орталықтағы жазғы лагерьдің ашылуы болды. Балалар жаз бойы түрлі экскурсияларға, мұражайға қонаққа барады.