Павлодар облысында үйде мемлекеттік қызметтер көрсету 1,5 есе өсті
ХҚКО қызметкерлерін үйге шақыру үшін 1414 нөміріне қоңырау шалып, осы қызметті алуға өтінім қалдыру жеткілікті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі азаматтарға, оның ішінде І және ІІ топтағы ерекше қажеттіліктері бар балаларға, ҰОС ардагерлеріне үйде мемлекеттік қызметтер көрсету болып табылады.
Филиал директоры Асылбек Сапарбек осы жылы жеті айдың ішінде ХҚКО қызметкерлері мұндай 1225 қызмет көрсеткенін атап өтті. Айта кетерлігі, бұл – былтырғы жылдың ұқсақ кезеңінен 1,5 есе өскен.
– Халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерін үйге шақыру үшін 1414 нөміріне қоңырау шалып, осы қызметті алуға өтінім қалдыру жеткілікті. Одан кейін орталық қызметкерлері өтініш берушімен байланысқа шығып, барлық қажетті құжаттардың бар-жоғын нақтылайды. Сондай-ақ, олар үйге барып, мемлекеттік қызмет көрсету күні мен уақытын белгілейді. Сұранысты қабылдағаннан кейін орталық операторлары клиентпен 48 жұмыс сағат ішінде байланысуға міндетті, – деді Асылбек Сапарбек.
Облыс бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы осы жылдың жеті айлық қорытындысы бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы дәстүрлі 342 мыңнан мемлекеттік қызмет көрсеткен. Оның ішінде 327 мыңнан астамы –өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы. Бұл – электрондық үкімет порталы және оның мобильді нұсқалары арқылы ХҚКО-ларға бармай-ақ, мемлекеттік қызметтерді қанша азамат өз бетінше алғанын қоспағанда.