Павлодар облысында мас күйіндегі жас мотоциклші ұсталды
Оның жүргізу куәлігі болмағаны анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары патрульдеу кезінде Қызылжар мен Ертіс ауылдарының арасындағы жолда бір мотоциклді тоқтатты. Құжаттарды тексеру барысында жүргізушінің әлі 18 жасқа толмағаны және жүргізуші куәлігі жоқ екендігі анықталды. Сондай-ақ, жігіттен алкогольдің өткір иісі шыққан. Медициналық куәландыру жүргізіліп, нәтижесінде жүргізуші мас күйінде болғаны анықталды.
– Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 8-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырып, сотқа жолданды. Сот шешімімен жасалған құқық бұзушылықтар үшін ата-анасына 200 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды, – деді Ертіс ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Серік Үсенов.
Көлік айып тұрағына қойылды. Полиция қызметкерлері мотоциклді жүргізген кезде жүргізуші мен оның жолаушысында мотошлемдер болуы керек екенін еске салды.