Павлодарда 1 қаңтардан бастап тамақ жеткізетін курьерлерге талап күшейді
Енді олардың мінез-құлқына да мән берілмек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл 1 қаңтардан бастап тамақ жеткізу қызметіне қатысты жаңа талаптар бекітілді. Стандартқа сәйкес курьерлерде медициналық тексеруден өткені туралы белгісі бар белгіленген үлгідегі жеке медициналық кітапша болуы керек. Сондай-ақ олар кәсіби гигиеналық дайындықтан өтуге және жалпы қабылданған нормалар мен мінез-құлық ережелерін басшылыққа алуы тиіс.
– Осы стандартты қолданудан қоғамдық тамақтандыру өнімдерін жеткізу нарығындағы талаптардың ашықтығы мен бірізділігі қамтамасыз етіледі, тұтынушылардың көрсетілетін қызметтерге деген сенім деңгейі артады және азық-түлік қауіпсіздігі жүйесінің нығаюына ықпал етеді, – дейді комитетте.
Бұдан бөлек, қоғамдық тамақтану өнімдерін тұтынушыларға жеткізу кезінде және тапсырыстарды беру пункттерінде қаптаманың тасымалдау барысында сыртқы зақымдануын анықтау үшін тапсырыстағы өнімді тексеру мүмкіндігі берілу керек.
Қабылданған стандарт мейрамханалардың, дәмханалардың, логистикалық компаниялардың және курьерлердің тамақ жеткізу қызметінің сапасын арттырмақ.