Павлодар облысындағы ірі өнеркәсіптерді арнайы киіммен кім қамтамасыз етеді?

Павлодар облысындағы ірі өнеркәсіптерді арнайы киіммен кім қамтамасыз етеді?
Фото: Есенжол Исабек

Ширек ғасырдан астам тәжірибесі бар кәсіпорын тек Павлодармен ғана шектелмей, Қазақстанның әр аймағындағы өнеркәсіптік компанияларға сапалы жұмыс киімдерін жеткізіп отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласында орналасқан «ДЭКО» ЖШС тігін кәсіпорны шағын цехтан заманауи өндіріс орнына дейін дамыды. Кәсіпорын 1998 жылдың 18 тамызында құрылған. Бастапқы кезеңнен-ақ компания делдалдық қызметтен бас тартып, арнайы жұмыс киімдерін өндірудің толық циклін жолға қойған.

25 жылдан астам уақыт бойы кәсіпорын өңірдің маңызды салаларын сапалы арнайы киіммен қамтамасыз етіп келеді. Олардың қатарында мұнай-газ өнеркәсібі, энергетика, медицина және құрылыс салалары бар. Компания өнімдерінің сапасы СТ-KZ сертификаттарымен расталған.

Кәсіпорын дамуының жаңа кезеңі 2025 жылы басталды. Сол жылы компания өндірісті кеңейту мақсатында 93 миллион теңге көлемінде несие алды. Бұл қаржыландыру мемлекеттік қолдау аясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы «Даму Өндіріс» бағдарламасы бойынша жүзеге асқан.

Бүгінде кәсіпорында 35-тен астам адам еңбек етеді. Мұнда өнеркәсіптік кәсіпорындарға арналған жұмыс киімдері – арнайы костюмдер, курткалар және қорғаныш киімдері тігіледі. Кәсіпорын тек Павлодар өңірінде ғана емес, Қазақстанның түрлі аймақтарындағы компаниялармен жұмыс істейді. Атырау, Маңғыстау, Қарағанды, Өскемен, Шымкент қалаларынан тұрақты тапсырыстар түсіп отырады. Өткен жылдың өзінде кәсіпорын шамамен 20 мың дана арнайы киім өндірген.

Өндірістің бизнес-дамыту жөніндегі директор Марьяна Васильеваның айтуынша, компанияның басты ерекшелігі – сапа мен сенім.

– Өнімнің басты ерекшелігі – сапасында. Біз барлық мемлекеттік стандарттар мен тапсырыс берушілердің техникалық талаптарын қатаң сақтаймыз. Бізге тапсырыс берушілердің қатарында өңіріміздің Рубиком, Молком, Total Service сияқты ірі кәсіпорындары бар. Кейбір тапсырыс берушілер дайын үлгілермен келсе, кей жағдайда компания мамандары арнайы киімнің жаңа үлгісін өздері әзірлейді, – дейді ол.

Арнайы киім өндірісінің сапалы әрі дәл шығуы конструкторлық жұмыстың маңыздылығына да байланысты. Кәсіпорында 14 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан конструктор Валентина Овэс бұл процестің қаншалықты күрделі екенін атап өтті.

– Менің негізгі міндетім – өндірісті тігін процесіне дайындау. Тапсырыс берушілердің техникалық талаптарын зерттеп, соған сәйкес лекалоларды дайындаймын. Лекало – болашақ бұйымның негізі. Соның дәлдігі дайын киімнің сапасына тікелей әсер етеді. Кейде біз жеке тапсырыстармен де жұмыс істейміз: әр адамнан жеке өлшем алып, бірнеше рет өлшеп көріп, түзетулер енгіземіз. Қазіргі арнайы жұмыс киімдері бұрынғыдай қарапайым емес – олардың конструкциясы күрделі, қалталары мен функционалдық элементтері көп. Сондықтан мұндай киімді дайындау үлкен кәсіби шеберлікті талап етеді, – дейді маман.

Компания алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, Қазақстанда арнайы жұмыс киімдерін өндіру саласының әлеуеті жоғары, сондықтан бұл бағытта дамуға мүмкіндік мол.