Павлодар облысының құтқарушылары жаңа заманауи катермен жабдықталды
Катер он адамға дейін тасымалдай алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушыларының иелігіне жаңа заманауи құтқару катері берілді. Техника іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге, су айдындарында патрульдеуге, оқиғаларға жедел ден қоюға және құтқару бекеттерін орналастыруға арналған.
Су көлігінің қуаты 200 ат күшін құрайтын қозғалтқышпен жабдықталған. Әрі сағатына 50–55 шақырымға дейін жылдамдықпен жүре алады. Жоғары маневрлік мүмкіндігі мен жылдамдығы құтқарушыларға оқиға орнына қысқа мерзімде жетіп, қажетті көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
— Катердің басты артықшылықтарының бірі – жылыту жүйесімен жабдықталған жылытылған кабинасының болуында. Аталмыш техниканы күздің соңына дейін пайдалануға, сондай-ақ қажет болған жағдайда салқын судан құтқарылған адамдарды жылытуға да болады, - делінген хабрламада.
Катер 10 адамға дейін тасымалдауға есептелген. Бұл құтқарушыларды оқиға орнына жеткізіп қана қоймай, зардап шеккендерді де қауіпсіз жерге эвакуациялауға болады.
Жаңа техниканың келуі Павлодар облысы ТЖД құтқару бөлімшелерінің мүмкіндіктерін кеңейтіп, су айдындарындағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тиімділігін арттырады. Заманауи катер әртүрлі ауа райы жағдайларында құтқару және профилактикалық іс-шараларды жүргізуге, сондай-ақ судағы төтенше жағдайларға жедел ден қоюға жол ашады.