Павлодар облысының үздік мұғалімдері анықталды
Фестивальге 110 педагог қатысуға ниет білдіріп, іріктеуден жартысы ғана өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 18 наурыз бен 24 мамыр аралығында облыстық ақпараттық технологиялар орталығының қолдауымен «Үздік интерактивті сабақ» педагогикалық идеялар интернет-фестивалі өтті.
Фестивальге жаратылыстану–математикалық пәндер, қоғамдық–гуманитарлық пәндер, бастауыш сыныптардағы оқыту, сабақтан тыс оқыту, кәсіптік оқыту бағыттары бойынша жұмыстар қабылданды.
– Фестивальге оқу-тәрбие процесіне ақпараттық-коммуникациялық технологияларды белсенді енгізуші облыстың 110 педагогтері қатысуға ниет білдірді. Фестивальдің талаптарына сәйкес іріктеу нәтижесінде ақтық үшінші кезеңге 59 жұмыс жіберілді, – дейді баспасөз орталығында.
Қазылар алқасы мүшелерінің шешімімен «Жаратылыстану–математикалық пәндер» бағыты бойынша 1 орынды – қалалық №43 ЖОББМ физика мен математика пәнінің мұғалімі Алена Баланюк және Ж.Ташенев атындағы ЖОББМ физика пәнінің мұғалімі Айдана Манат; 2 орынды – Павлодар химико-механикалық колледжінің информатика пәнінің мұғалімі Акмаржан Майдисарова; 3 орынды – қалалық М.Жүсіп атындағы ЖОББМ биология пәнінің мұғалімі Айжан Отарова иеленді.
«Қоғамдық–гуманитарлық пәндер» бағыты бойынша 1 орынды – қалалық №2 ЖОББМ қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Асем Жуманова; 2 орынды – ИнЕУ жоғары колледжінің педагогика мен психология оқытушысы Айнур Досанова; 3 орынды – Павлодар химико-механикалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Ирина Науменко және Екібастұз қаласы №35 мектеп-гимназияның ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Елена Полякова жеңіп алды.
«Бастауыш сыныптардағы оқыту» бағыты бойынша 1 орынды – қалалық М.Әуезов атындағы ЖОББМ бастауыш сынып мұғалімі Светлана Бебель; 2 орынды – қалалық М.Жүсіп атындағы ЖОББМ бастауыш сынып мұғалімі Нұрбике Шаханова; 3 орынды – Екібастұз қаласы №6 арнайы мектеп-интернатының бастауыш сынып мұғалімі Сандуғаш Махметова иеленді.