Павлодар облысының үздік палуаны анықталды
Спортшылар «Қазақстан Барысына» жолдама алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодардағы «Бірлік» спорт сарайында қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне облыстық іріктеу жарысы өтті.
Жарыстың қорытындысы бойынша Аққулы ауданының спортшысы Рахат Манап «Павлодар Барысы» атанды. Ол барлық қарсыласын ұтып, өңір намысын қорғайтын басты палуан ретінде танылды. Күміс жүлдені павлодарлық Еркебұлан Егінбаев жеңіп алса, қола медаль ақтоғайлық Еламан Ерғантайға бұйырды.
25 жастағы Рахат Манап 10 жасынан бері күреспен айналысып келеді. Қазіргі таңда Қайырбаев атындағы спорт кешенінде жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Алдағы қазанда өтетін республикалық турнирге ол алғаш рет қатыспақ.
Палуанның айтуынша, дайындық қызу жүріп жатыр.
– Аптасына бес рет кешкі жаттығу жасаймыз. Қазір бір ай уақыт қана қалды, сондықтан күніне екі рет дайындалуға көштік. Қазақстан Барысына алғаш рет қатысқалы отырмын. Әрине, қобалжу бар, бірақ өз күшіме сенімдімін, – дейді спортшы.

Сонымен қатар ол қарсыластары туралы ойымен бөлісіп, жеребе әділ өтенін алға тартты.
– Бұл жолы жылдағы фаворит Мұхтар Дәлелханұлы – үш дүркін «Павлодар барысы» екеуміз бір сеткаға түстік. Ол маған дейін сүрініп қалды. Жалпы, бұл жарысқа ауданнан іріктелген мықтылар келді. Жеңіске жету үшін бәріне дайын болу керек, – дейді Рахат Манап.
Облыстық күрес федерациясының басшысы да спортшылардың әлеуетіне жоғары баға беріп отыр.
– Үміт артып отырмыз, жақсы нәтиже күтеміз. Палуандарымыздың физикалық қана емес, психологиялық дайындықтарын да назарда ұстаймыз, – дейді ол.
Енді павлодарлық қос палуан – Рахат Манап пен Еркебұлан Егінбаев – 18 қазанда Астанада өтетін «Қазақстан барысы» республикалық турнирінде өңір намысын қорғайды.
Айта кетейік, Қазақстан Барысы турнирі – ұлттық күрестің дамуын, өңірлік және республикалық деңгейдегі спорт мәдениетінің қалыптасуын көрсететін маңызды іс-шара. Белдесулер үлкен деңгейде ұйымдастырылып, қатысушыларға атақ, абырой және құнды сыйақылар беріледі. Бұл дода ұлттық спортты дәріптеуге, жас палуандарға мүмкіндік ашуға ықпал етіп келеді.