Павлодарлық жасөспірімдер тұңғыш рет асық атудан ел чемпионатында қос қола алды
Павлодарлық төреші чемпионаттың үздік төрешісі атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Тараз қаласында асық атудан 2007-2009 жылы туған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.
«Алтын сақа» Павлодар облысының асық ату федерациясының президенті Қалибек Қуан өңірімізден 4 ұл мен 4 қыз сынға түскенін атап өтті.
– Бұл – командалық жарыс. Ұлдар асық ату ойынынан қола медаль еншілесе, қыздар бес асық ойынынан қола медаль олжалады. Бұрын жастар арасында, ересектер арасында Қазақстан чемпионатынан жүлделер алып жүрсек, осы жастағылар арасында тұңғыш рет медаль алып отырмыз. Оның үстіне екі команда да жүлдегер атанды, – деді Қалибек Қуан.
Сондай-ақ чемпионатта павлодарлық төреші Мырзахан Төлеген «Үздік төреші» атанып, Қазақстанның «Асық ату» федерациясының президенті Жомарт Сабыржановтың Алғыс хатына ие болды.
Айта кетейік, чемпионатқа еліміздің 12 өңірінің командалары қатысты. Жүлдегер командаларға ақшалай сыйлық табысталды.
Қалибек Қуанның айтуынша, қазіргі уақытта асық ойындарынан Павлодар облысының деңгейі алғашқы бестіктен түспейді. Әр жас санатындағы жарыстарда қарсылас бола біледі.
Алдағы уақытта маусым айында Көкөшетау қаласында ересектер арасында Қазақстан чемпионаты жоспарлануда. Облыс асықшылары соған дайындық үстінде.