Екібастұзда УЕФА бағдарламасы аясында футбол алаңы жаңғыртылуда

Екібастұзда УЕФА бағдарламасы аясында футбол алаңы жаңғыртылуда
Фото: pixabay.com/planet_fox

Жөндеу жұмыстары тамыздың басында басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

№1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жасанды жабыны бар толық өлшемді футбол алаңын жаңарту бойынша жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. 

– Бұқаралық спортты дамыту және «ALAÑ» бағдарламасын жүзеге асыру аясында, «Қазақстан Футбол Федерациясы» мен Екібастұз қаласының спорт мектебі арасындағы келісімшартқа сәйкес, бесінші тамыздан бастап Бұқар жырау көшесі, 143 мекенжайында орналасқан футбол алаңында жөндеу жұмыстары басталды, – деп хабарлады Екібастұз қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Кристина Касперович.

Қазіргі таңда алаңдағы ескі жабын толықтай бөлшектеліп, жер тегістеу жұмыстары жүргізілді. Жаңа жасанды жабын төсеу үшін қажетті материалдар – құм, желім және арнайы жамылғы алаңға жеткізілді. 

Жаңғырту жұмыстарымен қатар, инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Атап айтқанда, маусым айында қала әкімдігінің «Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» заманауи талаптарға сай 102 орындық көрермендер трибуналарын орнатуға қаржы бөлді.

Сонымен қатар, спортшылардың жайлылығы үшін екі павильон-контейнер орнатылды. Олар қыс мезгілінде жабдықталған киім ауыстыру бөлмелері ретінде қызмет атқарады. Жаңа трибуналар үстіне қорғаныс жабындысын орнату шығындарын спорт мектебі өз мойнына алды. 

– Аталған кешенді шаралар жергілікті футболшылардың жаттығу жүргізуіне және өңірлік деңгейдегі жарыстарды өткізуге қолайлы жағдай жасайды. Жаңартылған футбол алаңы мен жаңа инфрақұрылым қаладағы бұқаралық спорттың одан әрі дамуына серпін береді, – деді ол.

Жұмыстар УЕФА бағдарламасының қолдауымен өтуде. Негізгі мақсаты - спорттық инфрақұрылымның сапасын арттыру және бұқаралық футболды дамыту. Жөндеу жұмыстары жоспарға сай 20 қыркүйекте аяқталады деп жоспарланып отыр.