Павлодар облысының әкімі сайлауда дауыс берді
Аймақ басшысы азамат ретінде мүддесін Мәжіліс пен мәслихаттарда кімнің қорғайтыны маңызды екенін атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байханов Павлодар қаласында С. Торайғыров атындағы мектепте орналасқан №10 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады.
– Ата заңымыздың 3-бабында «мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп жазылған. Бұл билік еркін сайлау арқылы жүзеге асырылатыны белгілі. Сондықтан осы сайлауға мен азамат ретінде келіп, өз учаскемде дауыс бердім, – деді Асайын Байханов.
Асайын Байханов сайлаудың маңыздылығына тоқталып, өңір тұрғындарын сайлауға қатысуға шақырды.
– Бұл жерде азамат ретінде менің мүддемді Мәжілісте, мәслихаттарда кім қорғайтыны маңызды. Сондықтан мен жерлестерімізді уақыт тауып, сайлауға белсенді қатысуға шақырамын, – деді облыс әкімі.
Еске салайық, Павлодар облысында таңғы жетіден бастап 523 сайлау учаскесі іске қосылды. Олардың жүзден астамы облыс орталығында орналасқан.
Сайлау учаскелері сағат 20: 00-ге дейін ашық болады. Облыста сайлауда дауыс беруге құқығы бар 512 200 кәмелетке толған тұрғын бар.
Фото: Константин Шелков