Павлодар облысының белсенді әйелдері «TOMIRIS» жобасына қатысуға өтінім бере алады

Павлодар облысының белсенді әйелдері «TOMIRIS» жобасына қатысуға өтінім бере алады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

«AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы жоғары көшбасшылық әлеуеті бар және өз бастамалары мен идеяларын ілгерілетуге дайын белсенді әйелдерді партиялық жобаға қатысуға шақырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«TOMIRIS» жобасы аясында белсенді әйелдердің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық бастамаларды тиімді жүзеге асыруға қажетті дағдылары, білімі мен құзыреттерін дамыту мақсатында Астана қаласында 3 күндік оқу бағдарламасы ұйымдастырылады. Бағдарлама көшбасшылық, гендерлік саясат, көпшілік алдында сөйлеу және басқа да өзекті тақырыптарды қамтиды.

Оқу қорытындысы бойынша қатысушылар өңірлеріндегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған бастамаларды іске асыру үшін қажетті құралдарға ие болады. Қатысушылардың жолақысы мен тұру шығындары ұйымдастырушылар есебінен төленеді.

Жобаға басқарушылық немесе ұйымдастырушылық тәжірибесі бар әйелдер, мәслихаттардағы партиялық фракциялардың мүшелері, белсенді партиялық және қоғамдық көшбасшылар, сондай-ақ қоғамдық саяси мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарының бітіруші курс студенттері қатыса алады.  

Жобаға қатысу үшін өтінімдерді қабылдау мерзімінің аяқталуына дейін барлық құжаттарды ұсынып, конкурстық іріктеуден өту қажет. 

Конкурстық комиссия үміткерлерді ұсынылған құжаттар (түйіндеме, бейнепрезентацияны) бағалау мен сұхбаттасу қорытындысы бойынша іріктейді.  

Іріктеу шарттары: талаптарға сай бейнепрезентация, әлеуметтік маңызды проблемалар бойынша бастамалардың/жобалардың болуы.

Әйелдердің саяси көшбасшылығын дамыту бойынша «Tomiris» партиялық жобасы Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігінің, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының  қолдауымен іске асырылуда. 

Құжаттарды ұсыну мерзімі: 2025 жылғы 10-28 қыркүйек аралығында сағат 18.30-ға дейін. 

Қосымша ақпаратты info@apm.amanatpartiasy.kz  және 7 (7172) 70-76-17 (ішкі 291), +7 775 177 54 20 телефон нөмірлерінен алуға болады.