Павлодар облысының депутаттары парталарға қайта оралды
Өңірдегі мәслихат жұмысы жаңғыртылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Павлодар облысы бойынша филиалында Екібастұз қаласының және Баянауыл ауданының депутаттарына оқыту жүргізілді. Оларға мәслихатта жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары туралы түсіндірме берілді.
Депутаттар үшін оқытуды облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко өткізді. Ол депутаттарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқан сөзін келтірді: «Саяси жаңғыру аясында мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі буынына айналуға тиіс. Бүгінде олар жергілікті мемлекеттік басқару әрі жергілікті өзін-өзі басқару институты ретінде гибридті сипатқа ие болып отыр. Сондықтан мәслихаттардың өкілеттігін нақты белгілеу және өңірлерді қаржыландыру жүйесін түбегейлі қайта қарау қажет» .
– Бүгінгі қоғам алдымызға қоятын міндеттер мен сын-қатерлер. Бұл – халық үніне құлақ асатын мемлекет, мәслихаттың ашықтығы мен айқындығы,– деп атап өтті Илья Теренченко.
Оның сөзінше, барлық деңгейдегі депутаттар үшін тұрақты негізде ай сайын заң сағаты өткізіледі. Ал татуласу орталығының басшысы, сот жүйесінің ардагері Мария Иванова депутаттарға «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын түсіндірді.
Кездесуде Павлодар облыстық мәслихаты мен облыстық прокуратурасы арасында бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылғаны туралы сөз етілді.
Облыс прокуратура басқармасының бастығы Денис Өтебаев «HALYK TUMAR» мобильді қосымшасын енгізу және іске қосу бойынша пилоттық жоба туралы баяндап берді.
Илья Теренченко жастарды саяси қызметке дайындау, саяси мәдениетті дамыту және оларды жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі үшінші депутаттық топтың құрылғанын айтып өтті.