Павлодар облысында жол жөндеудің ауқымды жұмыстары жалғасады

Павлодар облысында жол жөндеудің ауқымды жұмыстары жалғасады
Фото: Константин Шелков

Өткен жылы облыста 800 шақырымға жуық жол ретке келтірілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, 2024 жылы әр түрлі бюджеттік деңгейдегі автомобиль жолдарында республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын және елді мекендердің көшелерін жөндеу бойынша 69,6 миллиард теңгеге жалпы ұзындығы 794,9 шақырымды құрайтын 210 жоба жүзеге асырылған.

– Оның ішінде 640 шақырымнан астамы жергілікті маңызы бар жолдар болса, 35 шақырымдайы республикалық маңызы бар жолдар, – деп хабарлайды басқарма өкілдері. – Жол жөндеу жұмыстарының қорытындысы бойынша «Қалыпты жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі» нысаналы индикаторы 95 пайызға жетті. Ағымдағы жылы Павлодар облысында жалпы ұзындығы 300 шақырымнан асатын жолдарды жөндеу бойынша жалпы сомасы 15,6 миллиард теңгеге 75 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Олардың басым бөлігі ауылдардағы кіреберіс жолдарға қатысты. Бұл өзекті мәселені шешу үшін 24 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 31 ауылға жалпы ұзындығы 92 шақырымға жуық асфальт жолдар салынады. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 50 шақырымға жуық жол жөнделеді.

Мәселен, Аққулы ауданындағы Шарбақты ауылында мектеп жаңартылып, ауылдың негізгі көшелеріне асфальт төселмек. Аудан орталығындағы аурухананың су құбыры мен кәріз жүйесі жаңартылады. Су құбырының құрылысы 2025 жылы басталады.

«Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру жылдарында облыстың 88 ауылы жаңартылып, жалпы жобаға 191 перспективалы ауылы енгізілді, оның 66-сы тірек, 112-сі спутниктік, 13-і стратегиялық. Оларда 190 мыңнан астам адам тұрады.

2019-2023 жылдар аралығында 137 мың адамның тұрмыс жағдайы жақсарды. 366 жобаның құны 26,6 миллиард теңге. Жобаны жүзеге асыру жылдарында ұзындығы 400 шақырымға жуық ауыл көшелері қалпына келтірілді. 60 шақырым су, электр желісі тартылды. Сонымен қатар, жобаны жүзеге асыру шарттарының бірі – міндетті түрде жұмыс орындарын құру. Өткен жылы 114 уақытша жұмыс орны ашылды.

Облыс орталығында Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы басталды. Жоба 2027 жылы аяқталады деп жоспарланған. Құрылыс жұмыстарына тапсырыс беруші «Қазақдорстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Өткел жобасының күрделілігі жоғары.

Ертіс арқылы өтетін жаңа автомобиль көпірі қауіпті деп танылған ескі көпірге балама болады. Қолданыстағы өткел 60 жылдан астам уақыт бұрын салынған және жүк көтергіштік талаптарына сай емес.

Жаңа көпір өткелінің жалпы ұзындығы 2,7 шақырымнан асады, ал көпірдің өзі 691 метрді құрайды. Көпір экстрадозаланған типті болады және мұндай құрылым жоғары күрделілік класына жатады. Оның ерекшелігі, тік жүктемелердің негізгі бөлігі тікелей тіректерге беріледі, сондықтан жүктеме бүкіл құрылымға біркелкі бөлінеді және қызмет ету мерзімі артады. Көпірдің алты тірегі болады: екеуі құрлықта және төрт аралық. Аралық аралықтардың ені 150 метрді құрайды, бұл көпір астындағы кеме қатынасының екінші класына сәйкес келеді.

Негіз кабельдік немесе аспалы жүйеге беріледі. Құрылым тіректермен бекітіледі. Жобаның құны 39 миллиард теңгені құрайды. Жаңа көпірдің құрылысы аяқталған соң, апатты жағдайда тұрған ескі көпір сырылып тасталмақ. Ертіс арқылы жаңа көпір салу – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы.

Қалалар жайлылығының негізгі факторларының бірі – қоғамдық көлік жүйесінің дамуы. Соңғы екі жылда 218 автобус жаңартылды. Бүгінде облыстағы үш қаладағы қоғамдық көліктердің 75 пайызы заманауи үлгідегі үлкен класты автобустардан тұрады.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыс орталығындағы трамвай жүйесі жаңғыртылуда. Барлығы 70 трамвайды жаңарту жоспарлануда. Облыс басшылығы Еуропа қайта құру және даму банкімен 25 жаңа вагон сатып алу туралы келісімге келді. 

Биыл жазда «Достық» шағын ауданына жаңа трамвай желісінің құрылысы басталады. Өткен жылы билік Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта құруды бастады. Жұмыс 2024 жылдың қыркүйегінде басталып, 2025 жылдың қазан айында аяқталады деп жоспарлануда.

Павлодар облысындағы жолдардың жалпы ұзындығы 5 520 шақырымды құрайды, оның 1 663-і республикалық, 1 122-сі облыстық, 2 735-і аудандық маңызы бар жолдар.