Павлодар облысының командасы «Ақберен» байқауында үшінші орын алды

Павлодар облысының командасы «Ақберен» байқауында үшінші орын алды
Фото: Павлодар облысының білім беру басқармасы

Төрт оқушы жеке бағыттарда жүлдегер атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, шығармашыл оқушылар арасындағы «Ақберен» республикалық өнер байқауы 8–10 қарашада Ақмола облысының Щучинск қаласында өтті. «Балдаурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында ұйымдастырылған сайысқа еліміздің әр өңірінен 137 оқушы қатысты.

Өңір атынан өңірлік кезеңде жеңіске жеткен алты оқушы бақ сынады. Олар шешендік өнер, көркемсөз оқу, ақындар мүшәйрасы және ұлттық аспапта орындау бағыттарында жүлде алды.

«Шешендік өнер және сөз сайысы» бағыты бойынша Шарбақты ауданындағы Хмельницкий мектебінің 11-сынып оқушысы Каусар Азамат І дәрежелі дипломмен марапатталды. Оқушыны байқауға Болатбек Ш. дайындаған.

Павлодар қаласындағы №47 мектептің 11-сынып оқушысы Амина Хамитова «Көркемсөз оқу өнері» бағытында ІІ дәрежелі диплом иеленді. Оның жетекшісі – Асылбекова А.М.

«Ақындар мүшәйрасында» Ақсу қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінің 11-сынып оқушысы Нұрсәт Сарсенбай ІІІ дәрежелі дипломға ие болды. Жетекшісі – Қожанова Н.А.

Дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатының 8-сынып оқушысы Әнуар Қорабай «Ұлттық аспапта орындау» бағыты бойынша ІІІ дәрежелі диплом алды. Оны Алпысбаева А.Ж. дайындаған.

Сондай-ақ «Ақындар айтысына» қатысқан дарынды балаларға арналған №3 гимназияның 10-сынып оқушысы Шұғыла Сапарғали «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының грамотасымен марапатталды. Жетекшісі – Айтқазина Н.О.

Байқауда оқушылар барлығы алты бағыт бойынша өнер көрсетті. Аталған бес бағыттан бөлек, қатысушылар «Эссе және әдеби ойлау» сайысында да бақ сынады. Өнер додасына қатысқан барлық оқушыға арнайы сертификаттар табысталды.