Павлодар облысының ормандары тәулік бойы бақылауда

Павлодар облысының ормандары тәулік бойы бақылауда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде орман өртін ерте анықтауға арналған арнайы жүйелер табиғи аумақтарды тәулік бойы бақылауға мүмкіндік беріп отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өртті ерте анықтаудың автоматтандырылған жүйесі (ЕАЖ-1) орман алқаптарындағы өрттің алғашқы белгілерін автоматты түрде тіркеп, ақпаратты диспетчерлерге жібереді. Бұл мамандарға қауіп туындаған жағдайда жедел әрекет етіп, қажетті күштер мен техниканы оқиға орнына бағыттауға мүмкіндік береді.

Жүйеде бейнебақылау және интеллектуалды талдау технологиялары қолданылады. Олар өрт белгілерін бастапқы кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе қалпына келуі ондаған жылдарға созылатын орман алқаптарын қорғау үшін маңызды.

Павлодар облысында өртті ерте анықтау жүйелерін енгізу және қажетті инфрақұрылымды дамыту үшін «Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемдері есебінен 1 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды.

Жоба Президенттің «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.

Айта кетейік, еліміздің табиғи аумақтарында өртті ерте анықтау жүйелерін енгізуге «Жасыл даму» АҚ жалпы 16,9 млрд теңге бағыттаған. Қазақстанның жеті өңіріне 14 ЕАЖ-1 жүйесі берілді.