Павлодар облысының шалғай мектептеріне ЖИ бар білім станциялары берілді

Павлодар облысының шалғай мектептеріне ЖИ бар білім станциялары берілді
Фото: Павлодар облысының білім беру басқармасы

Олар интернет қосылымын қажет етпейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа жыл қарсаңында «Алматыкітап» баспасы өңірдегі шалғай орналасқан және шағын жинақты мектептерге заманауи «TopIQ-MobilBox» мобильді білім беру станцияларын тарту етті.

Қайырымдылық акциясы аясында облыстың 46 мектебі мен Білім беруді дамытудың инновациялық орталығы құны 400 мың теңге тұратын электронды оқулықтар станциясын алды. 

– Бұл жай ғана техника емес, интернет қосылымын қажет етпейтін, жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған дербес білім беру кешені. Станция ішінде қазақ және орыс тілдеріндегі 395 оқулық пен көркем әдебиет, бейнематериалдар, аудиоконтент пен интерактивті тапсырмалар шоғырланған, – деді «Алматыкітап» баспасының оқу әдебиеті бөлімінің басшысы Гүлмира Доскелдинова.

Мұғалімдер үшін де жағымды жаңалық бар: құрылғыға «Qamqor» зияткерлік көмекшісі орнатылған. 

– Ол сабақ жоспарлауды жеңілдетіп, оқу материалдарын іріктеуге көмектеседі, осылайша оқу процесінің тиімділігін арттырады. Жобаның басты мақсаты – Мемлекет басшысының «Оқуға құштар ұлт» бастамасын қолдау және қала мен ауыл мектептері арасындағы цифрлық алшақтықты жою, – делінген хабарламада.

Ведомствода атап өткендей, енді өңір оқушылары ең заманауи технологияларды қолдана отырып, білім деңгейін көтеруге мүмкіндік алды. Бұл аймақтағы білім жүйесін цифрландыру жолындағы нақты әрі маңызды қадам болып табылады.