Павлодар облысының тұрғындарын жаңа алаяқтық схемалар туралы ескертеді

Павлодар облысының тұрғындарын жаңа алаяқтық схемалар туралы ескертеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Алаяқтар өздерін мемлекеттік кірістер қызметкерлері ретінде таныстырып, қорқыту арқылы ақша немесе жеке деректерді сұрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, алаяқтар (270-нысан) салықтық есептілік ұсынылмағанын айтып, «айыппұл» салынатынын немесе «банктік шоттар жабылады» деп қорқытады.

– Сонымен қатар, алаяқтар мессенджерлер (оның ішінде WhatsApp) арқылы мемлекеттік кірістер комитеті немесе оның құрылымдық бөлімшелерінің басшылығы атынан бизнес субъектілерін қаржылық мониторинг, тексеру немесе басқа бақылау тізімдеріне енгізілгені туралы хабарлайтын жағдайлар да орын алуда. Аталған хабарламалар – алаяқтық әрекеттердің көрінісі. Мұндай әрекеттер салық төлеушілерді шатастыруға, олардың жұмысына кедергі келтіруге және кей жағдайларда бопсалауға бағытталған, – деп ескертеді департаментте.

Мемлекеттік кірістер органдары салық төлеушілерді тек ресми арналар арқылы ғана хабарландырады: eGov.kz және/немесе kgd.gov.kz порталдарындағы Салық төлеушінің кабинеті, электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы ресми хаттар, расталған әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі ресми аккаунттар, МОАРБП gov.kz ресми интернет-ресурсындағы баспасөз хабарламалары, сондай-ақ 1414 Байланыс орталығының жедел желісі.

Ведомствода атап өткендей, белгісіз нөмірлерден келіп түскен тексеріс жүргізу немесе қаржылық мониторинг тізіміне енгізу туралы қорқыту сипатындағы, сондай-ақ «Комитет өкілдерімен» хабарласуды, декларация тапсырмау мәселесін «шешуді» немесе «банктік шоттарды бұғаттаудан құтқаруды» ұсынатын хабарламалар алаяқтық әрекеттер болып саналады.

– Маңызды! Мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерінен салық төлеушілерге электрондық пошта, WhatsApp немесе Telegram арқылы хабарлама жіберілмейді. Қызметкерлер ешқашан кодтар, ЭЦҚ немесе жеке деректерді сұрамайды, – делінген хабарламада.

Мамандар азаматтарды сақ болуға, жалған хабарламаларға сенбеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, ақша қаражатын аудармауға, алынған хабарламалардың шынайылығын тексеруге және алаяқтардың арандатуына ермеуге шақырады.