Аққулыда жемқорлыққа қарсы күресті нан арқылы жүргізуде
Сыбайлас жемқорлыққа бағытталған жоба «Отбасымен бірге» деп аталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жобаның авторы – Аққулы ауданы ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанова. Сондай-ақ бейнероликті құрастыруға «Жалын» жастар бастамаларын дамыту орталығының мамандары Құдайберген Бердімұратұлы мен Рахат Кенжекей үлес қосқан. Жоба Қарағанды қаласында өткен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы инновациялық шешімдер» республикалық байқауының финалына өтіп, оң бағаға ие болған.
– Байқауға қатысуға аудан тарапынан екі өтініш жіберілген. Бұл жобалар «Оп-оңай» және «Отбасымен бірге» деп аталады. Нәтижесінде екінші жобамен финалға өтіп, лауреат атандық. Алматы, Астана, Өскемен қалалары университеттерінен ғылыми дәрежелері бар адамдармен бір сахнада өз жобамызды ұсыну үлкен мәртебе болды, – дейді Жаннұр Ахметжанова.
Республика бойынша комиссия назарына 120-дан астам жоба ұсынылған. Оның ішінде 18-і ақтық мәреге өткен.
«Отбасымен бірге» жобасының мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды тұрмыста қара шаңырақтан бастау.
– Күнделікті дүкеннен бірінші кезекте нан аламыз. Дастарханның көркі – нан. Ауданда бірнеше наубайхана бар. Кәсіпкерлермен бірге флаерлардың үлгілерін жасадық, QR-кодтар арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы өзекті материалдар енгіземіз. Ол үшін көлемді қаражат керек емес. Нанның сыртына нақыл сөздер бар флаерлер жабыстырылады. Бұдан бөлек қолөнершілер арқылы ақпарат жеткізіледі, – дейді Жаннұр Ахметжанова.
Сонымен қатар, ауданда жемқорлықтың салдарын емес, оның алдын алуға бағытталған «Өзгеріс», көп жылдар адал еңбек еткен азаматтармен еркін форматта кездесу түрінде «Үлгі тұтар» жобалары жүзеге асырылады.
Айта кетерлігі, Жаннұр Ахметжанова ауданға 2010 жылы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында жас маман ретінде келген. 2015 жылдан бері мемлекеттік қызметте жұмыс істеп келеді. 2022 жылдан меритократия бойынша Аққулы ауданы ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.