Павлодар облысының фермерлері техникаларын жаңартуда

Павлодар облысының фермерлері техникаларын жаңартуда

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Шарбақты мен Успен аудандарына барып, диқандардың көктемгі егін жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Аймақ басшысы аудандағы бірнеше шаруа қожалықтардың алқаптарына барды. Асайын Байханов фермерлердің заманауи техниканы қолдануына назар аударды. 

Шарбақты ауданында орналасқан еліміздегі ірі шаруашылықтардың бірі «Победа» ЖШС 20 мың гектарға бидай егуді жоспарлауда. Сондай-ақ арпа мен жүгері де егеді. Шаруашылықта 123 трактор, 26 комбайн және 8 тұқым себетін кешен бар. 

«Победа» ЖШС директоры Владимир Поляков заман талабына сай шведтік тұқым себу техникасын сатып алғандарын атап өтті. Ол сегіз түрлі өсімдіктің тұқымын себе алады. 

- Бұл туралы нашар пікір естіп көрген жоқпын. Тұқым сепкіш егер тегіс емес жерде жұмыс істеп жүрсе, тұқым себіліп қойған жерге келгенде сол бөліктегі тұқымды автоматты түрде сеппей кетеді. Бұл бір ерекшелігі. Тракторда навигация жүйесі орнатылған. Павлодар облысында мұндай техниканың саны 10-нан асады. Ірі шаруа қожалықтар жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін осы тұқым сепкішті алады, - деді Владимир Поляков.

Аудандағы «Вигис» ЖШС де жұмысқа кіріскен. Көктемгі егін жұмысын мамыр айының соңында аяқтауды жоспарлауда. Қазір үш мың гектарға жуық күнбағыс егілген. 

- Егіншілікпен 12 жылдан бері айналысып келемін. Арнайы агроном маман жоқ. Мен өзім ауыл шаруашылық бойынша білім алғанмын. Ұлыммен бірге істеп жатырмыз, - деді «Вигис» ЖШС директоры Виктор Григоров. 

Аталған шаруа қожалықта 26 тұқым себу техникасы, 9 комбайн, 11 трактор және басқа да техникалар бар. Облыс әкімі «Вигис» ЖШС-ға техникаларды жаңарту жағына назар аудару қажеттігін айтты.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Pavlodarnews.kz (@pavlodarnews.kz)