Павлодарлық жағажайда «ақылды камералар» неліктен жұмыс істемейді?

Павлодарлық жағажайда «ақылды камералар» неліктен жұмыс істемейді?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Былтыр қауіпсіздікті  қамтамасыз ету мақсатында арнайы пилоттық жоба іске асырылған болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Темірлан Жапалбай мәлім етті. 

– Бүгінгі таңда «ақылды камералар» істемейді. Төтенше жағдай департаменті жүйені оң қырынан бағалап, камераларды 2024 жылы қайтадан іске асыру үшін жергілікті атқарушы органдарға хат жолдады. Бірақ қаржы бөлінбегендіктен, жоба қалып қойды. Ендігі жылы қалай болатыны да белгісіз, – деді спикер. 

Еске сала кетейік, орталық жағажайда орнатылған камералар арқылы диспетчерлер суға түскен тұрғындарды қалтқымалардан асып кетпеуін бақылай алды. Қалтқымалардан жүзіп кеткен адам туралы сигнал құтқару станцияларындағы мониторларда көрсетіліп, жағажайда дыбыстық сигнал қосылады. Былтырғы шомылу маусымы кезінде камера тұрғындар қалтқымадан асып жүзген 50-60 жағдайды тіркеген болатын.