Павлодарлық мейрамхана иелеріне үндеу жасалды
Мерекелік іс-шаралар алдында уланудың алдын алу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз қызметінде облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Ақылбекова мәлім етті.
– Мерекелік іс-шаралар, корпоративтік жиындар кезінде тағамдардың дұрыс дайындалмауы, мерзімі өтіп кетуі, лас дайындалуына байланысты қонақтар уланып жатады. Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында кәсіпкерлерді барлық санитарлық ережелерді сақтауға шақырамыз, – дейді Гүлнар Ақылбекова.
Осыған байланысты, тамақтан уланудың алдын алу мақсатында кәсіпкерлерге мынадай талаптарды сақтау ұсынылады:
- Қызмет басталғанға дейін рұқсат құжатын алу;
- Азық-түлік өнімдерін сақтау шарттарын, жарамдылық мерзімдерін, тауар маңына қойылатын талаптарды сақтау;
- Технологиялық процестердің жұмысын қатаң сақтай отырып, тағамдарды, аспаздық және кондитерлік өнімдерді дайындау;
- Медициналық тексеруден және гигиеналық оқытудан өткен жеке медициналық кітапшасы болған кезде ғана адамдарды жұмысқа қабылдау, қызметкерлердің жеке гигиена қағидаларын сақтауы, жұқпалы ауру белгілері бар, сондай-ақ қолында жаралар, күйіктер бар қызметкерлерді жұмысқа жібермеу;
- Объектінің барлық үй-жайларында жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, күн сайын тазалық жұмыстарын жүргізу. Тұрақты және үнемі дезинсекция, дератизация жүргізу;
- Объектіде өндірістік бақылауды ұйымдастыру және жүргізу.
Егер бұл қағидалар сақталмай, улану фактілері орын алса, кәсіпкерлер жазаланады. Мәселен, бестен көп адам уланса, іс сотта қаралмақ. Ал шағын жағдай орын алса, тиісті шаралар қолданылып, заң бойынша жазаланады.