Павлодар облысының орманшылары ведомстволық марапаттарға ие болды

Павлодар облысының орманшылары ведомстволық марапаттарға ие болды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қызметкерлерге төсбелгілер мен Құрмет грамоталары табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz  тілшісі.

Орман шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында «Ертіс орманы» табиғи резерватының мамандарына ҚР Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ведомстволық марапаттарын табыстау рәсімі өтті.  

«Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» үшінші дәрежелі төсбелгісі Берік Тауырғалинге, Талғат Мұсатаевқа, Ерболат Абжатовқа және Раииль Сибагатуллинге табысталды. Сонымен қатар «Биоәртүрлікті сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» екінші дәрежелі төсбелгісіне Керімбай Сапаров ие болды. Ал Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Құрмет грамотасы Амангелді Амренов пен Татьяна Косареваға берілді.

Айта кетейік, 2023 жылдан бастап Қазақстанда мемлекеттік орман иелерінің материалдық-техникалық базасы кезең-кезеңімен жаңартылуда. Бұл – соңғы жылдары алғаш рет қолға алынған кең ауқымды жұмыс.

Ағымдағы жылдың басынан бері 256 бірлік техника жеткізілді, оның ішінде 136 КОПК, 60 трактор және 64 HOWO мен КамАЗ маркалы өрт машиналары бар.

17 қазан күні Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев «Ертіс орманы» мен «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерваттарына 44 жаңа өртке қарсы техниканы табыстады. Жыл соңына дейін барлығы 692 техника жеткізу жоспарланып отыр.

Жаңа өрт сөндіру көліктері орман жағдайына бейімделіп, қауіпсіздік пен тиімділік талаптарына сай жасалған.

Сондай-ақ техникада судың үздіксіз берілуін қамтамасыз ететін қуатты сорғы және үш тонналық су резервуары бар. Мұндай жаңартулар орман жолдарында және күрделі аумақтарда жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.