Павлодар облысында шабындықтағы өрт қауіпсіздігі күшейтілді

Өрттің алдын алу мақсатында алғашқы өрт сөндіру құралдары мен техниканың жарамдылығы тексеріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті шабындық алқаптарда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық іс-шаралар кешенін өткізуде. Бұл жұмыстар ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау органдарымен бірлесіп жүзеге асырылуда.
– Қазіргі уақытта өңірде шөп дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде және өрт қауіпсіздігі мәселелері өзекті болып отыр. Рейдтер барысында инспекторлар шабындық учаскелерінің аумақтарын тексеріп, өрт сөндіргіштер, су бөшкелері, өртке қарсы жолақтар сияқты алғашқы өрт сөндіру құралдарының болуы мен техниканың жарамдылығына ерекше назар аударады. Өрістерде жұмыс істеген кезде бір ұшқынның өртке әкелуі мүмкін екені ескертіледі, – деді облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Іс-шаралар аясында өрттің алдын алу бойынша негізгі ережелер мен ұсыныстар жазылған жадынамалар таратылып жатыр.
– Мысалы, Екібастұз қаласының ТЖБ инспекторлары жүргізген рейд барысында көліктегі өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін трактор жүргізушісі ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 589-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заң бойынша техника кемінде екі өрт сөндіргішпен жарақтандырылуы тиіс, – делінген хабарламада.
Өрт қауіпті кезең басталғаннан бері департамент 1437 рейдтік іс-шара өткізді, оның нәтижесінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 260 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Облыстық ТЖД тұрғындарды өрт қауіпсіздігі шараларын сақтаудың маңыздылығын тағы да еске салады.