Павлодар облысының шәкірттері Құранға түсті
«Құран нұр» атты рухани іс-шараға сауат ашу курсының шәкірттері қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен қала мешіттерінің жанынан ашылған әйелдер мен қыздарға арналған сауат ашу курсы шәкірттерінің Құран әліппесімен қоштасу рухани кеші өтті. Аталмыш іс-шараны Мәшһүр Жүсіп мешіті, Ақмешіт мешіті, Омар әл-Фарух мешіті, Ақсу мешітінің ұстаздары бірлесіп ұйымдастырды.
Жиын барысында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы Павлодар облысының өкіл имамы Жолдас қажы Қоспақұлы қатысып, Құран оқудың маңыздылығы жөнінде уағыз айтып, әліппені бітіріп, Құранға түсуші шәкірттерді марапаттады.«Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Ақерке Тұрғынбайдың айтуынша, осы жолы 97 шәкірт әліппе бітіріп, Құран жаттауға өткен.
Сондай-ақ, ұстаздар «Құран оқу – білім алудың маңыздылығы» және «Ұстазға –құрмет, шәкіртке – міндет» тақырыптарында уағыз айтып, діни нашидтер мен салауаттарын хормен шырқады, ғибратты әңгімелерді мәнермен жеткізді.
Айта кетейік, ақ жаулықты апалар курс шәкірттеріне батасын берді. Шәкірттер ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.