Павлодар облысының тас жолында есірткіге мас жүргізуші ұсталды

Павлодар облысының тас жолында  есірткіге мас жүргізуші ұсталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Көлік құралы арнайы айып тұрағына қойылды, деп хабарлайды  @Рavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 27 маусымда Омбы - Майқапшағай автожолында көлікті сенімсіз басқарған «Тойота-Королла» маркалы автокөліктің  жүргізушісі тәртіп сақшыларының күдігін тудырған. 

– Көлік құралын тоқтату туралы сигнал берілді. Әңгімелесу кезінде жүргізуші өзін дұрыс ұстамады, сұрақтарға жауап бермеді. Дәрігерлер полицейлердің күмәнін растады, 44 жастағы жүргізуші есірткіге мас болған. Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі бойынша хаттама толтырылып, материал сотқа жіберілді, – дейді  Павлодар облысы полиция департаменті патрульдік полиция ротасының командирі Азамат Қалиақбаров.

Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері облыстың республикалық маңызы бар автожолдарында тәртіп пен қауіпсіздікті үздіксіз қадағалап отырады. Бір тәулік ішінде облыс жолдарында 120 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті. 55 жүргізуші жылдамдық режимін бұзған, 13 жүргізуші жол белгісін елемеген, 6 азамат техникалық ақаулы жағдайдағы көліктерді жүргізген.