Павлодарлық еріктілер 500 мың теңгелік сертификатқа ие болды
Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Забота» волонтерлік клубы «Әлеуметтік волонтерлік» санатында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Үкіметтік емес ұйымдар арасында шағын гранттар конкурсын Павлодар қаласы ішкі саясат бөлімі ұйымдастырған. Аталған байқауда НЗМ клубы 500 мың теңгелік сертификатқа ие болды.
– «Забота» клубы «Жас өркендердің парызы» жобасымен қатысқан болатын. Бұл жобаның мақсаты – жалғызбасты қарттарға көмек пен психологиялық қолдау көрсетуді ұйымдастыру. Еріктілер алдағы уақытта аталған қаражатқа көмекке мұқтаж жандардың үйлерін жинап, ауласын ретке келтіріп, алғашқы қажеттіліктегі тауарларын сатып алмақ, – дейді Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметінде.
Сонымен қатар қарттар үйінде «Readx» кітап клубының отыры мен «Аrt терапия» сурет салу бойынша шеберлік сағатын, шахмат, дойбы сынды үстел ойыны жарыстарын өткізуді көздеп отыр.
Айта кетерлігі, NIS-те құрылған «Забота» клубының қатарында 60 ерікті бар. Олар жыл бойы түрлі қайырымдылық шараларына белсенді қатысады.