Павлодар облысының тумасы Әскери сот департаментін басқарды

Павлодар облысының тумасы Әскери сот департаментін басқарды
Фото: ҚР Жоғарғы соты

Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін ол ҚР Сот әкімшілігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР Сот әкімшілігі басшысының орынбасары Болат Жоламанов ұжымға Әскери сот департаментінің жаңа басшысы – Абзал Балғабаевты таныстырды.

Болат Жоламанов өз сөзінде Абзал Балғабаевтың кәсіби маман екенін, оның білімі мен жұмыс тәжірибесі әскери соттардың жұмыс сапасын арттыруға ықпал ететініне сенімді екенін атап өтті.

Сот төрағасы Ғалымжан Нәсірдінов жаңа басшыны құттықтап, оған жемісті еңбек пен сәттілік тіледі. Сонымен қатар, таяу болашақта назар аударуды қажет ететін негізгі міндеттерді атап өтті.

Өз кезегінде, Абзал Балғабаев соттардың жұмысын қамтамасыз ету бойынша алда атқарылатын жұмыстар көп екенін, сондай-ақ әскери соттардың инфрақұрылымын және материалдық-техникалық базасын жақсартуға бар күш-жігерін салуға дайын екенін жеткізді.

Айта кетейік, Абзал Балғабаев 1974 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. 1998 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін, 2000 жылы Қазақ құқық және халықаралық қатынастар институтын бітірген.

Еңбек жолы:

  • 1995 – ҚР Жекешелендіру жөніндегі мемлекеттік комитетінің Павлодар облысы бойынша жетекші маманы;
  • 1996-1998 – Ақтоғай ауданындағы «Айдын» шаруа қожалығының директорының міндетін атқарушы;
  • 1998-1999 – Павлодар қаласының сот орындаушылары және сот приставтары департаментінде сот орындаушысы;
  • 1999-2000 – «Шұға» ЖШС директорының коммерция жөніндегі орынбасары;
  • 2000-2004 – Павлодар қаласы сотының бас маманы;
  • 2004-2005 – Павлодар облысының Әділет департаментінің нормативтік құқықтық актілерді тіркеу бөлімінің бастығы;
  • 2005-2009 – Павлодар аудандық Әділет басқармасының бастығы;
  • 2009-2012 – Екібастұз қаласы Әділет басқармасының бастығы;
  • 2012-2014 – Павлодар облысы әкімінің бас инспекторы;
  • 2014-2019 – Тереңкөл ауданы әкімінің орынбасары;
  • 2019-2023 – Аққулы ауданының әкімі;
  • 2023-2024 – ҚР Сот әкімшілігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы.

Абзал Балғабаев енді Әскери сот департаментінің басшысы ретінде қызметін жалғастырады.