Павлодар облысының тұрғындары 4 млн теңгеге тіркелмеген қару тапсырды

Павлодар облысының тұрғындары 4 млн теңгеге тіркелмеген қару тапсырды
Фото: Константин Шелков

Өңірде халықтан заңсыз қаруды сатып алу акциясы жалғасуда, деп хабарлайды  Рavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жақын маңдағы полиция бөліміне ерікті түрде қару берген азаматқа 100 айлық есептік көрсеткішке дейін сыйақы беріледі. Аталған іс-шара ағымдағы жылдың сәуір айында басталды.

– Осы кезеңде облыс тұрғындары 60 бірлік тіркелмеген қару мен 16370 оқ-дәрі тапсырды. Барлық қару баллистикалық сараптамаға жіберілді, оның қорытындысы бойынша сыйақы төленеді. Бүгінгі таңда 4 миллион 733 мың 133 теңге сомасына қару тапсырылды, – деді Павлодар облысы полиция департаменті әкімшілік полицияның бастығы Борис Әлімбаев.

Полиция азаматтарға қару ұстау өте қауіпті екенін және оның салдары кез келген адамның өміріне үлкен зиян келтіруі мүмкін екенін ескертеді. Егер Сізде немесе туыстарыңыз бен таныстарыңызда заңсыз, тіркелмеген қару болса, оны тапсыру керек. Ол үшін жазбаша өтініш жазып, ішкі істер органдарына немесе учаскелік полиция пунктіне тапсыру қажет. 

Сондай-ақ, қаруды өз еркімен тапсыратындар қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Заңсыз қару сақтау үшін азаматтар Қазақстан Республикасы ҚК-нің 287-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады, онда 200 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. 

Атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен құрылғыларды қабылдау әрбір аумақтық полиция бөлімінде жүргізіледі.