Аққулы ауданында жаңа мектеп салынады

Аққулы ауданында жаңа мектеп салынады
Фото: Константин Шелков

Бұрынғы білім ордасы апаттық жағдайда деп танылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аймақ басшысы Асайын Байханов жұмыс сапарымен Аққулы ауданына барды. Тілектес ауылында 1972 жылы қамыстан салынған мектепте биылғы оқу жылында 51 оқушы оқыған. Спортзал мен мәжіліс залы жоқ білім ордасында 18 мұғалім, 12 техперсонал жұмыс істейді. Биыл бірінші сыныпқа бес бала барады. Шағын орталықта сегіз бала тәрбиеленеді. Ғимаратта соңғы жөндеу жұмыстары 2010 жылы жүргізіліп, жылу жүйесі ауыстырылған.  

Мектептің жағдайын анықтау бойынша 2022 жылы мемлекеттік сараптама жасалып, күрделі жұмысты талап ететіні туралы қорытынды шығарылған. Кейін 2024 жылы қайта сараптама жасалып, мектеп апаттық жағдайда теп танылған.

– Жаңа оқу жылы жеті шақырым жерде орналасқан Қызылқоғам ауылында ұйымдастырылатын болады.  Білім беру басқармасына автобус бөлу үшін өтінім берілді, – деді Аққулы ауданының әкімі Руслан Мұқанов.   

Жаңа мектептің аумағы 1400 шаршы метрді құрайды. 50 орындық ғимаратта негізгі 13 кабинет қарастырылған – спортзал, екі киім ауыстыратын жер, 40 орынға асхана, ұл балаларға және қыз балаларға арналған технология кабинеті, мәжіліс залы, 20 балаға шағын орталық, пән кабинеттері.  

Абаттандыру бойынша екі спорт алаңы – шағын футбол және баскетбол алаңдары және балалар ойнау алаңы қарастырылған. 

Тілектес ауылының тұрғындары 100 орындық мектепті салуды талап етуде. Алайда Асайын Байханов 50 орындық мектеп салу тиімдірек екенін және оқушылар екі ауысым бойынша білім ала алатынын жеткізді. 

– Құрылыста 100 және 50 орындық мектеп салудың айырмашылығы көп емес шығар. Бірақ үлкен мектептің қызметі қымбат болады. Жыл сайын электр қуаты, жағатын көмірі бар. Тіпті, еденді жуудың өзі шаршы метрмен есептеледі. Мысалы, 50 бала оқитын 100 орындық мектептің күтіміне жылына 100 миллион теңге бөлетін болсақ, 50 бала оқитын 50 орындық мектепке 50 миллион бөлінетін болады.  Бұл – бюджетке қысым, – деді аймақ басшысы. 

Айта кетейік, Тілектес ауылында 256 тұрғын бар. Жалпы соңғы бес жылдың динамикасы бойынша тұрғындар саны қырық алты адамға азайған.