Павлодар облысының тұрғындарына өзен жағасындағы үйлерден көшіру ұсынылды
Үкімет қазақстандықтарды ықтимал су тасқынынан осылайша қорғауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өткен жылы көктемде республика бойынша өзендердің жанында, су қорғау аймақтарында немесе ойпаңда орналасқан үйлерді су басқан болатын. Бұл статистиканы ҚР Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов мәлімдеді. Ол Үкімет отырысында аталмыш мәселеге адамдардың өздері кінәлі екенін, яғни су қоймаларының жанынан үй салып жатқанын айтты.
Министрдің айтуынша, қауіпті аймақтағы елді мекендерді қорғауды қамтамасыз ету немесе өзен маңындағы үйлерден адамдарды көшіру және мұндай жерлерде тұрғын үй салуға тыйым салу қажет.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «Қазгидромет» болжамын келтірді: барлық дерлік өңірлерде қаңтар және ақпан айларында ауа температурасы мен жауын-шашын нормадан жоғары болады.
– Бұл жағдайға дайындалу керек. Су ресурстары министрлігі енді су қоймаларын толтыру көлемін анықтап, олардың тұрақты мониторингін қамтамасыз етуі керек. Трансшекаралық өзендердегі су ағындары мен қауіптердің туындауы туралы көрші мемлекеттермен ақпарат алмасуды ұйымдастыруды, қажет болған жағдайда су қоймаларынан суды ерте және қауіпсіз шығару шараларын қолға алуды тапсырамын, – дейді Әлихан Смайылов.
Үкімет Павлодар, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарына ерекше алаңдаушылық білдірді. Президент әкімшілігі биылғы жылдың соңына дейін су тасқынына қарсы жобаларды жүзеге асыру мерзімін белгіледі. Әкімдіктер ақша тауып, шараларды аяқтауы керек.