Асыраудан бас тартты: Павлодарлық тұрғынның қарызы төрт млн теңге болды
Қабылданған шаралармен 36 жастағы ер адам табылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, алимент төлемейтіндер мен борышкерлерді іздестіру – көші-қон қызметі жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі. Сот орындаушысы алимент өндіріп алуы үшін борышкерлерді іздеу жұмыстарын жүргізуде.
– Осындай жандардың бірі бес жыл бойы баласын асырауға ақша төлеуден жалтарған. 2018 жылдан бері қалыптасқан қарыз шамамен төрт миллион теңгені құрады. Қабылданған шаралармен 36 жастағы ер адам табылды. Ол осы уақыт бойы ресми жұмысқа орналаса алмағанын, кездейсоқ табыстармен ақша тапқанын, сондықтан қарызы жиналып қалғанын айтып ақталды, – деп хабарлады департаментте.
Айта кетерлігі, жыл басынан бері облыста 232 алимент төлемейтін және 52 борышкер анықталған.
Павлодар облысының полициясы жосықсыз ата-аналарға өздерінің ата-аналық міндеттерін ұмытпауға, баланың мүдделерін сақтауға және олардың тиісті өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуге кеңес береді. Баланы асырап-бағуға ақша төлеу – азаматтың заңмен бақыланатын міндеті және алимент төлеуден жалтару бөлігінде заңнама нормаларын елемегені үшін Қазақстан Республикасы ҚК 139-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық көзделген.