Павлодар облысының әкімі сайлауда дауыс берді

Павлодар облысының әкімі сайлауда дауыс берді

Аймақ басшысы азамат ретінде мүддесін Мәжіліс пен мәслихаттарда кімнің қорғайтыны маңызды екенін атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz  тілшісі.

Облыс әкімі Асайын Байханов Павлодар қаласында С. Торайғыров атындағы мектепте орналасқан №10 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. 

– Ата заңымыздың 3-бабында «мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп жазылған. Бұл билік еркін сайлау арқылы жүзеге асырылатыны белгілі. Сондықтан осы сайлауға мен азамат ретінде келіп, өз учаскемде дауыс бердім, – деді Асайын Байханов. 

Асайын Байханов сайлаудың маңыздылығына тоқталып, өңір тұрғындарын сайлауға қатысуға шақырды. 

– Бұл жерде азамат ретінде менің мүддемді Мәжілісте, мәслихаттарда кім қорғайтыны маңызды. Сондықтан мен жерлестерімізді уақыт тауып, сайлауға белсенді қатысуға шақырамын, –  деді облыс әкімі.

Еске салайық, Павлодар облысында таңғы жетіден бастап 523 сайлау учаскесі іске қосылды. Олардың жүзден астамы облыс орталығында орналасқан.

Сайлау учаскелері сағат 20: 00-ге дейін ашық болады. Облыста сайлауда дауыс беруге құқығы бар 512 200 кәмелетке толған тұрғын бар.

Фото: Константин Шелков