Павлодарда жастарды кәсіптік бағдарлау, бастамаларын дамыту үшін қанша орталық жұмыс істейді?

Павлодарда жастарды кәсіптік бағдарлау, бастамаларын дамыту үшін қанша орталық  жұмыс істейді?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде 14 жастан 35 жасқа дейінгі жастар саны 192 301 адамды құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы әкімінің идеология мәселелері жөніндегі орынбасары Айгүл Мәлікованың мәлімдеуінше, 192 301 адамның ішінде қалалық жерде – 135 588 (70%) жас және ауылдық жерлерде – 56 713 (30%) жас тұрады.

– Жастарды жұмысқа орналастыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті қолдау және әлеуметтік белсенділік мәселелерінде қолдау мақсатында облыста бірқатар бастамалар іске асырылуда. Бұл ретте, облыста жастарды кәсіптік бағдарлау үшін жастар бастамаларын дамытудың 13 орталығы жұмыс істейді. Олар 2024 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін жастар мен жас отбасылардың тұрғын үй мәселелерін шешуге, жастар кәсіпкерлігіне ықпал ету, кәсіптік бағдарлау мәселелері бойынша 61 516 консультация өткізді, – дейді Айгүл Мәлікова. 

Жастарды жұмысқа орналастыруға ықпал жасау мақсатында жастар орталықтары бос жұмыс орындарының 127 жәрмеңкесін өткізген, оған 1200 ізденуші қатысты, оның 465-і тұрақты жұмыспен, 359-ы уақытша жұмыспен қамтылды.

Бұдан басқа, оның айтуынша, облыста жастар арасынан 14 459 адамды қамтыған Мансаптық орталықтар жұмыс істейді, оның ішінде 6853 адам жұмысқа орналастырылды.

– Жұмысқа орналастырылғандардың жалпы санынан 4302 адам тұрақты жұмыс орындарына, 349 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 1351 адам жастар практикасына, 508 адам қоғамдық жұмыстарға, 321 адам «Алғашқы жұмыс орны» жобасына, 22 адам «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына жолданды, – деді облыс әкімінің орынбасары. 

Бұдан бөлек,  «Бастау бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында 657 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өтсе, 173 адам тұрғындардың әлеуметтік осал топтарына арналған бастапқы бизнесті дамытуға мемлекеттік гранттар алды.

Сондай-ақ, облыс жастарын маусымдық жұмыспен қамтуға бағытталған «Жасыл ел» жобасын іске асыру жұмысы жалғасуда, ол бойынша соңғы үш жылда төрт мыңнан астам жас қамтылды.

– Жастарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету маңызды бағыт болып қала береді. 2023 жылдан бастап «Отбасы банктің» қолдауымен Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларының әкімдіктерімен бірлесіп, жұмыс істейтін жастарға арналған «Ертіс жастары» арнайы потекалық бағдарламасы іске асырылуда. 2024 жылы 39 жас отбасына қарыз берілді. 2025 жылдың қаңтар айынан бастап Екібастұз қаласында тұрғын үй бағдарламасына қатысу үшін өтінімдер қабылдау басталды, – деді Айгүл Мәлікова. 

Ол Павлодар облысында жастарды қолдаудың іске асырылып жатқан кешенді шаралары еліміздің дамуына елеулі үлес қосатын «Адал азамат» тұжырымдамасына бағдарланған қажырлы, білімді және бастамашыл азаматтардың ұрпағын тәрбиелеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.