Павлодар облыстық кәсіпкерлер палатасында бизнеске көмектесетін комитеттер құрылды
Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасында облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғожиновтың қатысуымен агроөнеркәсіптік кешен комитетінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі кеңесі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өзінің трансформациясын жалғастыруда. Осы бағытта өңірлік палаталарда салалық комитеттер құрылған болатын.
Павлодар облысында 5 комитет құрылды. Олар келесі бағыттар бойынша жұмыс істейді: агроөнеркәсіптік кешен; өнеркәсіп, құрылыс және ТКШ; туризм және қонақ үй бизнесі; білім беру; сауда және қызмет көрсету комитеті.
- Бұл комитеттер енді бизнес субъектілеріне жеке және жүйелік мәселелерді шешуге, олардың өнімдерін ілгерілетуге, олардың біліктілігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көмектеседі. Әр комитеттің өз төрағасы және мүшелері бар, - деді Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Серік Сәдуақасов.
Кеңеске мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері, онлайн режимде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов облыстың агроөнеркәсіп мәселелерін шаруалар мен кәсіпкерлермен түсіндіріп, талқылады.
Аграршылар мен билік өкілдері ірі қара мал мен жылқы үшін сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеу сомасын ұлғайту, асыл тұқымды мал сатып алуға жұмсалған қаражатты және «Agroexportpavlodar» ЖШС сыйақы мөлшерлемесін өтеу, «Павлодар «ӘКК» АҚ-мен ынтымақтастық шарттарын өзгерту, балық шаруашылығын жүргізу үшін су айдындарының айналасына жер беру сияқт мәселелерді көтерді.