Павлодар облысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бөлімшелер құрылады
Арнайы бөлімшелерде тек әйел қызметкерлер көмек көрсететін болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров мәлім етті.
– Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі әйел қызметкерлерін барынша тарта отырып, тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімшелерді ашуды жоспарлап отыр, – деді ол. Әзірге Үкімет қаулысын күтіп отырмыз. Қажетті қаражатты облыстық бюджеттен сұраймыз. Одан кейін жеке құрамды таңдаймыз. Облыс бойынша 33 әйел қызметкері тартылатын болады.
Арнайы мамандырылған бөлімшелерде зорлық-зомбылық құрбандарына психологиялық және заңгерлік көмек көрсетіледі. Оларды полиция қызметкерлері сот және медициналық мекемелерде ертіп жүреді. Сондай-ақ зорлаушылармен және ықтимал құрбандармен профилактикалық жұмыстар жүргізеді.
– Былтыр профилактикалық жұмыстың нәтижесінде тұрмыс саласындағы қоңыраулар саны -55,3%-ға, оның ішінде қайталанғандары 62,7%-ға айтарлықтай қысқарды, – деді Жасқайрат Қайыров.
Айта кетейік, 2023 жылы отбасылық-тұрмыстық салада жасалған қылмыстар саны 1,1%-ға төмендеді.