Павлодар прокурорлары университет мұғалімдерінің құқықтарын қорғады

Павлодар прокурорлары университет мұғалімдерінің құқықтарын қорғады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Университеттің педагогтарына заңмен көзделген демалыс мерзімдері екі есе қысқартылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық прокуратура баспасөз орталығының мәліметінше, жүргізілген талдау нәтижесінде Toraighyrov University-де 1225 қызметкердің конституциялық құқықтарының бұзылғаны анықталды.

– Университеттің педагогтарына заңмен көзделген демалыс мерзімдері екі есе қысқартылған. Атап айтқанда, университеттің ұжымдық келісім-шартында Еңбек кодексін бұза отырып, педагогтарға тек 30 күн демалыс берілетіні көрсетілген, ал заң бойынша 56 күн берілуі тиіс, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, мұғалімдер мен қызметкерлердің уақытша еңбекке жарамсыздық, жүктілік және босану жағдайларына байланысты демалыстарын қайтадан ауыстыруына тыйым салынған. Ал, аталған себептер бойынша демалыстарды ауыстыру Еңбек кодексімен реттелген.

Нәтижесінде, прокуратураның қадағалау актісі бойынша кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды, ұжымдық келісім-шартқа тиісті өзгерістер енгізілді, білім беру саласындағы қызметкерлердің еңбек құқықтары қалпына келтірілді.