Павлодар студенттері кітап оқуды өмірлік әдетке айналдырмақ

Павлодар студенттері кітап оқуды өмірлік әдетке айналдырмақ
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Марафонға шетелдік студенттер де қосылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда «Кітап оқитын ұлт» марафоны аясында университет білім алушылары мен оқытушылары әдебиетке деген қызығушылықтарын арттырып, оқыған туындылары жөнінде пікір алмасуда. Жоба биыл қыркүйек айында басталып, келесі жылдың көктеміне дейін жалғасады.

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің өкілдері бұл бастама тек кітап оқуға емес, ой-өрісті кеңейтуге де ықпал ететінін айтады. Қатысушылар қазақ немесе орыс тіліндегі лиганың бірін таңдай алады.

Бірінші курс студенті, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында білім алып жүрген Сұлужан Бейсенбаева кітапты ұлттық сана мен зияткерлік әлеуетті қалыптастыратын маңызды құндылық деп есептейді. Оның пікірінше, қазіргі жастардың оқуға ынтасы болғанымен, цифрлық технологиялардың дамуы бұл дағдыға өз әсерін тигізген.

– Қазір дәстүрлі басылымдармен қатар аудио және электронды нұсқалар да кеңінен қолданылады. Дегенмен жастардың терең академиялық әдебиеттерді оқу көрсеткішін арттыру маңызды. Негізгі кедергілердің бірі – ақпараттың шамадан тыс көптігі мен әлеуметтік желілердің назарды бөлуі. Бұл адамның ұзақ уақыт бір нәрсеге шоғырлануына кері әсер етеді, – дейді Сұлужан Бейсенбаева.

Ол ұлттық тарих пен рухани құндылықтарды тереңірек түсіну үшін Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Абай Құнанбайұлының еңбектерін оқуға кеңес береді. Сондай-ақ Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы мен Алаш қайраткерлерінің мұраларын маңызды санайды. Бұдан бөлек, сыни ойлау қабілетін жетілдіру үшін әлемдік классика мен ғылыми-танымдық туындыларға назар аударудың пайдасын атап өтті.

Сұлужан Бейсенбаеваның айтуынша, жасанды интеллект ақпаратты өңдеуге көмектескенімен, адамның өздігінен ой қорыту қабілетін алмастыра алмайды. Ал жүйелі түрде кітап оқу сөздік қорды байытып, сауатты жазуға, күрделі мәліметтерді саралауға және сыни пайымдауға үйретеді.

– Ұстаздың жеке үлгісі – тәрбие мен білім берудің ең әсерлі құралы. Оқытушының өзі кітап оқып, оны күнделікті әдетіне айналдырса, студенттерге де мотивация береді. Бұл бастама уақытша науқан болып қалмай, жастардың өмірлік дағдысына айналуы керек, – дейді ол.

Университеттің PhD докторы Айгүл Садықова марафон аясында ұсынылған туындылардың ішінен Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция» еңбегіне ерекше қызығушылық танытқан. Басылымда жасанды интеллект, робототехника және биотехнология секілді бағыттардың қоғамға, экономикаға және мемлекеттік басқаруға ықпалы қарастырылады.

Сонымен қатар, ол Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» повесін оқуға ұсынады. Шығармада адамның ішкі әлемі, ар-ұят, парыз бен жауапкершілік мәселелері психологиялық тұрғыдан ашылады.

Жобаға шетелдік жастар да атсалысуда. Түркиядан келген Марғұлан университетінің магистранты Сами Беркай өз еліндегі оқу мәдениеті туралы әңгімеледі. Оның сөзінше, Түркияда кітап оқу демалыс пен тынығудың бір бөлігіне айналған. Кейбір тұрғындар сүйікті туындыларын шай немесе кофе ішіп отырып оқиды. Бұған қоса, мектептер мен қалалар деңгейінде де түрлі оқырман марафондары өткізіледі.

– Менің ойымша, жастарды кітап оқуға баулудың ең жақсы жолы – олармен бірге оқу және өзің де кітап оқуды тоқтатпау. Жастар үлкендерден үлгі алады. Сондықтан мұғалімдер мен ата-аналар кітап оқудың күнделікті өмірдің бір бөлігі екенін өз әрекетімен көрсетуі керек, – дейді магистрант.

Ол марафонға қатысып жүргенін алғашында білмегендіктен, шығармаларды асықпай оқығанын жеткізді. Кейін жобаның мақсатын түсінген соң әдебиетке көбірек уақыт бөле бастаған. Қатысушы ұсынылған еңбектердің мазмұны мен жеке дамуға берер пайдасын жоғары бағалайды.

Сами түрік әдебиетінің классигі Әли Сабахаттиннің «Куюджаклы Юсуф» романын да оқуға кеңес береді. 1937 жылы жарық көрген туындыда Анадолыдағы әлеуметтік теңсіздік, билік өкілдерінің озбырлығы мен әділетсіздікке қарсы күрес суреттеледі. Сонымен бірге, ол Қазақстан авторларының еңбектеріне қызығушылық танытып, елден кетпей тұрып қазақ жазушысының кітабын сатып алуға ниетті екенін айтты. Егер шығарманы қазақ тілінде оқып үлгермесе, Түркияға оралған соң аудармасын оқуды жоспарлап отыр.

Шетелдік студенттің пікірінше, әдебиетпен сусындау адамның рухани дамуына да, күнделікті тұрмысына да оң әсер етеді. Әсіресе, күн суытып, серуендеу қиындаған кезде үйде отырып кітап оқуға деген ықыласы арта түседі.

Айта кетейік, марафонға қатысып жатқан Торайғыров университетінің студенттері «Ойторап» оқырмандар клубын құрған. Бірлестік білім алушылар мен оқытушыларды әдебиетке баулып, шығармаларды ортақ талқылауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда оның құрамында 200-ге жуық оқырман бар.