Павлодар судьялары қазақ тілінде сот актілерін әзірлеуді үйренді

Павлодар судьялары қазақ тілінде сот актілерін әзірлеуді үйренді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Іс-шараны мемлекеттік тілді дамыту тобы ұйымдастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Мемлекеттік тілде сот үкімін, әкімшілік құқық бұзушылық істер бойынша қаулыларын дайындау, жариялау және түсіндіру барысындағы болатын қиындықтар, сұрақтар және оны алдын алу» тақырыбындағы шараға қылмыстық және әкімшілік істерді қарайтын жергілікті соттардың судьялары қатысты.

– Іс-шараның мақсаты – сот жүйесінде қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту және судьяларға әдістемелік көмек көрсету болды, – деді облыстық соттың баспасөз қызметі.

Семинар барысында қатысушылар мемлекеттік тілде қаралатын істер санының артуына байланысты судьялардың тілдік дағдыларын жетілдірудің маңыздылығына назар аударды. БАҚ-та қазақ тілінде сұхбат беру, мақалалар жариялау және тілдік курстар арқылы кәсіби деңгейін арттырудың қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, сот құжаттарын мемлекеттік тілде әзірлеу сапасын арттыру, жиі кездесетін қателіктердің алдын алу және тәжірибе алмасу семинарларын тұрақты өткізу қажеттігі талқыланды.