Екібастұзда терезеден қоқыс лақтырған тұрғын жазаланды
Өңірде қоғамдық орындарды ластағаны үшін 1200-ге жуық азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыста полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, сағат 21:20 шамасында екібастұздық тұрғын Матросов көшесіндегі пәтердің терезесінен қоқыс тастаған. Көршілер полицияға дереу хабарлап, шағым түсірген соң құқық бұзушыға айыппұл салынды.
– Қоғамдық орындарын ластау фактілері Павлодар қаласы жедел басқару орталығының камераларымен анықталады. Бейнежазбаға тіпті темекі тұқылын жерге лақтырған жүргізушілер мен азаматтар түседі, – деді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы Руфат Кенжин.
Сондай-ақ, Ақсуда Астана көшесінің бойында учаскелік полиция қызметкері орындықта шекілдеуік шағып, қабығын жерге лақтырып отырған ер адамды байқаған. Құқық бұзушы айыппұл төледі.
Жыл басынан бері қоғамдық орынды ластағаны үшін 1153 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.