Павлодар жастары ағылшын тілін тегін үйрене алады
С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада ағылшын тілін білуге арналған халықаралық тесттерге дайындық бойынша кеңес алуға мүмкіндік бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.
Мұнда 2021 жылдан бері «Америка бұрышы» атты әуесқой бірлестік жұмыс істеп жатыр. АҚШ тарихы мен мәдениеті туралы бірегей кітаптар жинағы бар. Пайдаланушыларға қызмет көрсететін «eLibraryUSA» дерекқоры АҚШ-тың жетекші университеттерінің бай әмбебап білім базасын қамтиды.
– «Америка бұрышы» – әртүрлі жас категориясына арналған ашық әуесқой бірлестігі. Оқушылар мен студенттер ағылшын ойындарын ойнайды. Апта сайын «Speaking club», «Book club» сияқты іс-шараларды өткіземіз. Шетел филологиясы мамандығы бойынша оқитын әрбір студент ерікті түрде келіп, тәжірибе ала алады, – дейді С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың «Америка бұрышы» атты әуесқой бірлестігінің үйлестірушісі Дайана Қайырбекова.
Үйлестірушінің айтуынша, бірлестікке көбінесе 9-11-сынып оқушылары келеді. Олар АҚШ университеттерінің бағдарламаларына қызығушылық танытады. Бұдан бөлек, қала тұрғындарының деңгей ерекшелігіне қарамастан тілді тегін үйрену мүмкіндіктері бар.
Айта кетейік, жыл сайын кітапханаға 30 000-нан астам оқырман келеді. Ал веб-ресурстарда 110 000 аса онлайн пайдаланушы бар. Кітапхана қоры 500 мың дананы құрайды. Кітапхана аймақтың негізгі кітап сақтаушысы болып келеді.