Павлодар жастары стилист маманнан тегін кеңес алды

Павлодар жастары стилист маманнан тегін кеңес алды
Фото: ұйымдастырушылардан

Сәнді көріну үшін көп қаржы қажет емес, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыста жастарға арналған гардеробты талдау бойынша шеберлік сабағы өтті. Шара барысында қатысушылар киім таңдаудың негізгі қағидаларымен танысып, өз гардеробын тиімді ұйымдастырудың жолдарын үйренді.

– Бүгінгі шеберлік сабағының мақсаты – гардеробты қысқа уақыт ішінде қалай талдауға болатынын көрсету. Тіпті оны стилистің көмегінсіз, өз бетінше жасауға болатынын түсіндіруге тырысамыз. Сабақтан кейін қатысушылар өз гардеробын реттеуге қажетті пайдалы ақпарат алып, оны функционалдырақ ете алады деп үміттенемін, – деді жеке стилист Динара Әбілдинова.

Маманның сөзінше, қазіргі таңда киім таңдауда сәннен бұрын жайлылыққа басымдық беріледі. Әсіресе, жастар арасында еркін әрі күнделікті өмірге бейімделген стильдер кең таралған. Сонымен қатар, әмбебап киімдерге сұраныс артып келеді. Мұндай киімдерді тек белгілі бір шарада ғана емес, күнделікті өмірде де қолдануға болады.

– Қазір адамдар үшін сәннен бұрын жайлылық маңыздырақ. Тіпті мерекелік шараларға барған кезде де функционалды киімдерді таңдауға тырысады. Яғни, кейін де күнделікті өмірде киюге болатын, ыңғайлы әрі әмбебап киімдерге басымдық береді, – деді ол.

Кездесу барысында кеңсе стилін қалыптастыру мәселесі де қозғалды. Стилист сәнді көріну үшін міндетті түрде көп қаржы жұмсаудың қажеті жоқ екенін атап өтті. Қазіргі таңда киімнің бағасынан бұрын сапасы мен пішіміне назар аудару маңызды.

Шараға қатысқан жастардың бірі, сегізінші сынып оқушысы Милана Номеровскаяның айтуынша, шеберлік сағатынан өзіне қажетті көптеген ақпарат алғанын айтты. Ол әсіресе өзіне қандай киім үлгілері жарасатынын анықтағанын жеткізді.

– Мен альтернативті стильді ұнатамын. Маған көпшілікке ұқсамайтын, ерекшеленіп тұратын дүниелер ұнайды. Әркімнің үстінен көре бермейтін киімдер мен үшін қызықтырақ. Қазіргі таңда ұстанып жүрген стилімде өзімді өте жайлы әрі сенімді сезінемін, – деді қатысушы.

Мұндай кездесулер жастардың сән әлемі туралы түсінігін кеңейтіп қана қоймай, өз стилін қалыптастыруға және саналы тұтыну мәдениетін дамытуға мүмкіндік береді.