Павлодар жастарын діни экстремизмнің қаупі туралы ескертті

Павлодар жастарын діни экстремизмнің қаупі туралы ескертті
Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының фотосы

Аймақта 20 шара өтіп, оларға 400-ден астам адам қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің қолдауымен республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері өңірге келді. Олардың мақсаты – жастарда экстремизмге қарсы сананы қалыптастыру, діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес мәселелерінде құқықтық және азаматтық жауапкершілік деңгейін арттыру, сондай-ақ Қазақстан жастарының радикалды және деструктивті діни топтарға қосылуына жол бермеу.

Аталған іс-шараға облыстық «Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығы» бөлім басшысы Зайда Асанбаева, Ақмола облысы «Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығы» дінтанушы Бахтияр Смадьяров, «Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығы» ЖШС директоры Гүлназ Раздықова, Абай облысы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры Мақсат Өмірханов қатысты.

Түсіндіру тобының мүшелері Павлодар облысы аумағында мектеп, жастар орталығы, зауыт, ЖОО мен колледждер және әскер базасында болды. Олар жастар арасында «Жастар арасында рухани құндылықты түсіндіру және діни сауаттылықты арттыру», «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу», «Діни сауаттылық – адаспаудың айғағы», «Рухани-адамгершілік құндылықтарды, ұлттық дәстүрлер мен мәдениетті насихаттау» және «Зайырлылық және оның діни бірлестіктермен қарым қатынасының негізгі принцптері» және тағы басқа тақырыптарда түсіндіру жұмыстарын жүргізді.