Павлодар облысында қанша сотталғандар амнистияға ілігуі мүмкін?

Павлодар облысында қанша сотталғандар амнистияға ілігуі мүмкін?
Фото: pexels.com

Бұл шешім бірнеше санаттағы сотталғандарға қатысты болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Парламенті Сенаты «Конституцияның 30 жылдығына байланысты амнистия туралы» заңын қабылдады. Құжат сонымен қатар пробациялық бақылаудағы, яғни бостандығынан айыру орындарында жазасын өтемейтін сотталғандарға да жаза мерзімін қысқартуды көздейді.

Өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, амнистия бірнеше санаттағы сотталғандарға қолданылады. Бұл — қылмыстық құқықбұзушылық жасағандар немесе кішігірім және орташа ауырлықтағы, зиян келтірілмеген немесе толық өтелген қылмыс жасағандар, сондай-ақ азаматтық талап қойылмаған жағдайлар.

Құжат сондай-ақ әлеуметтік осал топқа жататын, орташа ауырлықтағы қылмыс жасап, жақсы мінез-құлқымен ерекшеленген және жазасының аяқталуына бір жылдан аз уақыты қалған сотталғандарды да қамтиды.

– Амнистия туралы заң сыбайлас жемқорлық, экстремистік немесе террористік сипаттағы қылмыстар жасағандарға, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық қол сұғушылық, азаптау қылмыстары үшін сотталғандарға және қайталама қылмыс жасаған рецидивистерге қолданылмайды, – деп хабарлады ведомствода.

Президент заңға қол қойып, ресми жарияланғаннан кейін қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің әкімшілігі мен пробация қызметі сотқа құжаттар дайындауды бастайды. Сот шешім қабылдаған соң, сотталғандарды босату басталады.

Алдын ала бағалаулар бойынша, ел бойынша амнистия 15 мыңнан астам адамға әсер етеді. Олардың ішінде 800-ден астам әйел бар, оның 80-і балаларына оралады. Павлодар облысындағы түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан 507 адам амнистияға ілігеді.

– 457 адамның жаза мерзімі қысқарады, қалғандары босатылады, – деп нақтылады қылмыстық-атқару жүйесі департаменті. – Пробация қызметі бойынша 554 сотталғанның ішінде 206 адам босатылады.

Сот үкімімен жаза мерзімі қысқаруы мүмкін 348 адамның ішінде 57-сі әлеуметтік осал топқа жатады.