Павлодарлық жұмысшы жастар шетелдік кәсіпорындарда тағылымдамадан өте алады

Бағдарлама бірнеше санаттағы мамандарға қолжетімді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Екі күндік республикалық жұмысшы жастар форумында жас мамандардың дағдыларын арттыру және дамыту жөніндегі ұсыныстар талқыланды. Бұл тақырыпқа Халықаралық бағдарламалар орталығы басқармасының төрағасы Әділ Құсманов тоқталды.
– Магистратура мен докторантурадан бөлек, бір жылға дейінгі кәсіби тағылымдама деген құрал бар. Оған мына мамандар санаттары қатыса алады: медицина қызметкерлері, инженерлік-техникалық қызметкерлер, жасанды интеллект мамандары, IT саласының өкілдері, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер, БАҚ өкілдері, мәдениет және туризм саласының қызметкерлері, сондай-ақ судьялар, – деді ол.
Тағылымдамаларды бөлу кезінде шетелде жұмыс істеуге инженерлік-техникалық бағыттағы өкілдердің жиі үміткер болатыны байқалады.
– Еңбек нарығының болжамына сүйенсек, 2030 жылға қарай елдегі кадрларға деген сұраныстың шамамен 60 пайызын инженерлік-техникалық мамандар құрайды. Бұған дейін бұл тағылымдамаларға негізінен ғалымдар мен педагогтер қатысса, қазір фокус кәсіпорындарға ауысып отыр, – деп атап өтті Әділ Құсманов.
Басқарма төрағасының пікірінше, педагогтар мен дәрігерлер еңбек нарығында әрдайым сұранысқа ие болады. Бұған қоса, жасанды интеллект пен деректерді талдау саласының мамандарына деген сұраныс артып келеді. Бұл мамандықты 45 жасқа дейінгі қазақстандықтар Tech Orda бағдарламасы аясында меңгере алады.
– Қазір біз бағытты кеңейтіп, жұмысшы мамандықтар саласындағы мамандарды қосу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Бұл жоғары білімді алмастырып, оқытудың неғұрлым икемді тетіктеріне көшуге мүмкіндік береді, – дейді спикер.
Айта кетейік, Жастар бастамалары орталығында «JastarX» диалог алаңы өтті. Онда дәрігерлер, фермерлер, IT-мамандар өздерінің жетістік тарихымен бөлісті. Екі күндік форумға еліміздің түкпір-түкпірінен жүзден астам белсенді әрі еңбекқор жас маман жиналды.