Павлодар ЖЭО-2-де іске қосу кезінде оқыс оқиға орын алды

Павлодар ЖЭО-2-де іске қосу кезінде оқыс оқиға орын алды
ЖИ иллюстрациясы

Құбырдың герметикалығы бұзылып, екі жұмысшы зардап шекті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодардағы №2 жылу электр орталығында №5 қазан агрегатын іске қосу жұмыстары кезінде құбырдың герметикалығы бұзылды. Бұл туралы «Павлодарэнерго» АҚ хабарлады.

Оқиға болған сәтте көршілес №4 қазан агрегатында мердігер ұйым күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан. Оқиғадан кейін екі жұмысшы медициналық көмекке жүгінді. Олардың біріне есеңгіреу (контузия) диагнозы қойылса, екіншісі оқиға орнынан шығып бара жатқанда тобығынан жеңіл жарақат алған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәлімдеуінше, зардап шеккен екі адам Павлодар облыстық Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетілген.

— Науқастардың біріне ауруханаға жату ұсынылғанымен, ол одан бас тартты. Екінші науқасқа тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық ем қабылдап, дәрігердің бақылауында болу ұсынылды, - делінген хабарламада.

Компанияның мәліметінше, ондағы жабдықтардың жұмысы толық бақылауда, ал ЖЭО-ның әрі қарайғы жұмысына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.