Павлодар жолдарында жылдамдықты асырған 20 мыңнан астам жүргізуші жазаланды

Павлодар жолдарында жылдамдықты асырған 20 мыңнан астам жүргізуші жазаланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жылдамдық режимін бұзғандарды «Кибер-шериф» анықтауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының жолдарында жыл басынан бері «Кибер-шериф» автоматтандырылған кешендері жылдамдық режимін бұзудың 21 494 дерегін тіркеді. Бұл туралы облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бәкібай Ахмедьянов мәлімдеді.

– Камералармен жабдықталған «Кибер-шериф» кешені жолдың үш жолағын бір мезгілде бақылап, көлік құралдарын 150 метрге дейінгі қашықтықтан анықтай алады. Жүйе жол қозғалысы ережелерін бұзған автокөліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірлерін танып, оларды дерекқорлар арқылы автоматты түрде тексереді. Сондай-ақ құқық бұзушылықтарды тіркеп, бейнежазбаға түсіреді және тиісті ақпаратты инспекторға жолдайды, – деді Бәкібай Ахмедьянов.

Автоматтандырылған жүйе бірнеше іздеу базасымен қатар жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Соның арқасында жолдағы құқық бұзушылықтармен қатар, тексеру кезінде анықталатын өзге де мәліметтерді анықтауға болады.

Мәселен, Павлодар – Қызылорда тасжолында патрульдік қызмет атқару кезінде «Кибер-шериф» жүйесі арқылы Chevrolet Cobalt маркалы автокөлік тоқтатылған. Көлікті Павлодар облысының тұрғыны басқарған.

Тексеру барысында сот орындаушысының қаулысына сәйкес, аталған көлікке қатысты жалпы сомасы 100 мың теңгеден асатын төленбеген айыппұлы бар екені анықталды. Көлік иесі қаржылық жағдайының қиындығын алға тартып, берешекті төлемей келген.

Нәтижесінде автокөлік айыппұл толық өтелгенге дейін арнайы тұраққа қойылды.

Полиция өкілдері жүргізушілерге әкімшілік айыппұлдарды белгіленген мерзімде төлеу қажеттігін еске салады.